Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ақой ауылы А.С.Пушкин атындағы орта мектебінде валейболдан ауылымыздың тумалары Болат Құрманұлы Жармұханбетов, Қайрат Советбекұлы Дюсенбаев, Марат Бидахметұлы Садықов, Марат Қариұлы Қойбағаров сынды жеке шаруақожалықтарының демеушілігімен турнир өткіздік. Алты ауылдан құралған топты тамашалауға «Нұр Отан» партиясының және аудандық спорт бөлімінің қызметкерлері, ауылдың азаматтарын А.С.Пушкин атындағы орта мектеп оқушылары флешмоб биімен қарсы алды.
Мектеп директоры Б.Бағисова қатысушыларға сәттілік тілеп, өсіп келе жатқан жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың, дене шынықтырумен айналысудың ерекшеліктерін айта келіп, турнир Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналғанына тоқталып өтіп, және I-ші орын – 50000, II-ші орын -20000, III-ші орын – 10000 ақшалай сыйлық және марапаттаулар бар екендігін жария етті.
Ақтық сында сүзгіден өтіп, іріктеліп I-ші орынды «Үлгілімалшы» , II-ші орынды Мамай ауылы, III-ші орынды Преображенка ауыл жас-тары иеленді.
Турнирді ұйымдастыруға үлкен үлесін қосқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Д.Майлыбаев пен ауылдың белсенді мүшесі Ә.Бекшоинова және мектеп ұжымына алғыс айтып, жаңа белестерді бағындыруға жігерлене түсетін жастарымыз көбейе берсін деп тілейміз.
А.Смағұлова, тәлімгер, Ақой ауылы
Өткен аптада Астанада Бейбітшілік пен келісім сарайында 1 республикалық имамдар форумы өтті. Салтанатты жиынға форум делегаттарымен қатар мемлекет, қоғам қайраткерлері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аталмыш форумға қатысушыларға арнап, оның жұмысына табыс тілеген жылы лебізді құттықтауын ҚР Президенті Аппараты Басшысының орынбасары Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев жеткізді.
Бүгінгі таңда Қазақстан мұ-сылмандары діни басқармасы мемлекетіміздің даму жолында Қазақстан мұсылмандарының өзге дін өкілдерімен, дін жолын ұстанбайтындармен ынты-мақтастықта тіршілік етіп, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені қолдайды. Осы форумда бұл үрдісті одан әрі нығайтуға негіз болып саналатын Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы қабылданды. Көкпекті ауданынан маңызды шараға делегат болып, қатысып келген орталық мешіттің бас имамы Ерзат қажы Ахметханұлы бізге имандылық шарасы туралы әңгімелеп берді.
-Имамдар форумынан алған әсерім ұшан-теңіз. Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлар аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Соның бір айғағы болған бірінші республикалық имамдар форумына көршілес мұсылман мемлекеттерінен келген мүфтилер, өзге де дәстүрлі діндер өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген имамдар, яғни, 500-ден астам қатысушылар бас қосты. Ұлағатты шарада ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты, қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Дін – ұстай білсең қасиетің», республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың «Ақсақалын ардақтаған елміз» тақырыптарында жасаған баяндамаларында ислам дінінің адамды парасаттылыққа, имандылыққа тәрбиелейтін құдіреті, қоғамға тигізетін пайдасы, жас ұрпақ бойына рухани таным мен сенім негізінде беретін бағыт-бағдары жайында және т. б. көптеген келелі мәселелер қозғалды.
Сондай-ақ, шара барысында ҚМДБ наиб-мүфтиі Серікбай қажы Ораз Қазақстан мұсыл-мандарының тұғырнамасы, «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» және «Мұсылман тұлғалық бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті» тәлімдерін таныстырды. Бұл құжаттар имамдар форумында дауысқа салынып, бірауыздан қабылданып, бекітілді. Тұғырнамада мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелері және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасына қатысты көзқарастар айқындалып, оны дін қызметкерлерінің күнделікті қызметінде басшылыққа алу жайы қарастырылған, – дейді әңгімесін жалғастыра келе, Ерзат қажы Ахметханұлы.
Сонымен бірге оның айтуынша, бұл күні жиналған мұсылман қауым «Әзірет Сұлтан» мешітінде бесін намазын оқып, соңынан мешіт асханасында ас берілді.
- Елдің рухани тірегі ретінде маңыздылығы басым асыл дінімізді насихаттау арқылы жамағатқа, әсіресе, жастарға дұрыс ақпарат жеткізудің басты шешімі – бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жолға қойылған халықтың діни сауатын арттыру екені анық. Осы орайда елдің дамуы мен мұсылмандардың ауызбіршілігін, ұлтаралық бірлікті сақтауды көздейтін Тұжырымдама игілігін барша жұрт көретініне сенімдімін. Қоғамдық ұйымдармен жұдырықтай жұмылып, имандылық жолында қызмет етсек, Алла жазса, талай биік мұраттарға қол жеткізетініміз келешектің еншісінде, - деді сөз соңында Ерзат қажы Ахметханұлы.
Әңгімелескен Бақыт МҮЛІКОВА
Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені, бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер жазықсыздан -жазықсыз құрбан болды. Бейбіт өмірде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіттер Ауған соғысына аттанды. Олар соғыстың мән-жайын ұғар-ұқпастан кете барды. Биыл талайдың тағдырын тәлкекке салған Ауған соғысының аяқталғанына 26 жыл толып отыр. Мұнда қаншама жас қыршынан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың бір ғана міндеті - бала жастан санамызға сіңірілген патриоттық тәрбие, Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді.
Осыған орай Самар қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемесінде «Ауғанстан- жүректегі жара» атты патриоттық кеш өтті. Бұл кеште ауған соғысына қатысқан жауынгерлерді еске алып минуттық үнсіздік жарияланып,ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Мереке барысы ауған соғысы туралы слайдтармен көркемделіп бейне клиптармен ұштасты. «Атамекен» тобының және Д.Самаринаның орындауында «Будь ты проклята война»,«Победа», «Заман-ай», «Брат мой десантник», «Любовь –это жизнь» әндері тыңдалды. Мерекенің соңында Самар қарттар үйінің тұрғындары ауған соғысының ескерткішіне тағзым етіп гүл шоқтарын қойып көздеріне жас алды .
Ауған соғысы - жүректе жазылмайтын, тарихта ерекше орын алатын беттер.
Әр халықтың, әр адамның қасиетті борышы. Отаны үшін жанын пида қылған азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау екенін ешқашан ұмытпайық.
Ә.Құдагелдинова, әлеуметтік жұмыс бойынша маман
Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел ешқашан да егеменді ел бола алмайды, болуы мүмкін емес.
Қазақ тілінің тағдыры үшін күрес соңғы жүз жылда бірде-бір толас тапқан жоқ. Ұлы Абайдың заманын айтпағанда, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған алып топ тіл мәселесіне ерекше мән беріп, оның шексіз байлығын, суреткерлік қуатын, бейнелігі мен саздылығын көркемдік сапаға жеткізді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкерлердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Қазір мұндай талап қойылатын лауазымдар саны күн өткен сайын артып келеді.
Біз өзі намысшыл халықпыз. Біреу итің жаман десе де намыс-танып қаламыз. Тіл білетін қазақ – намысшыл. Тіл білмейтін қазақ одан да намысшыл. Оларды тіл білмедің деп шетке итермеу керек. Қайта бауырға тарту керек. Бізге көп тіл білгеннің артықтығы жоқ. Домбыраны шерткендей, біздің мықты мамандарымызды да мемлекет ісіне шертіп-шертіп таңдап аларда олардың бірнеше тілді еркін меңгергеніне артықшылық беріліп тұрылуы тиіс. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет болғандықтан тіл мәселесі аса күрделі мәселе болып отыр. Тіл мәселесінің өте нәзік екендігі, оның зорлықпен емес тек қана шынайы ынталылықпен ғана ыңғайланатын шаруа екендігі белгілі.
«Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп жазылған. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті, өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті», - делінген.
Яғни, қазақ халқы болашақта өз ана тілін сақтап, дамыта алмаса, күндердің күнінде өз алдына жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатады.
Қазақстан тәуелсіз ел болып қалсын десек, онда ең алдымен қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ұлттық салт – дәстүрін, ана тілін дамытуға күш салғанымыз жөн.
Аудандық сотта мемлекеттік тілде кіріс құжаттар саны орыс тіліне қарағанда анағұрлым артып келеді. Сондай-ақ, соттан шығатын мекемелерге қатынас хаттар, жолдама хаттар барлығы 100 пайыз мемлекеттік тілде жолданады. Жыл сайын мемлекеттік тілді дамыту іс шаралар жоспары құрылып, ол бойынша жұмыстар атқарылады.
Жоспардың бір бөлігіне байланысты сотымызда сот жүйесі мамандары арасында мемлекеттік тілге байланысты түрлі байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Байқау нәтижесі бойынша анықталған жеңімпаз, арнайы алғыс хатпен марапатталады.
Қорыта келгенде, мемлекеттік тілді ғылым мен техниканың түрлі саласына енгізіп, сапасын арттыру - уақыт талабы. Ал, уақыт талабын орындау – баршамыздың абыройлы парызымыз.
Л.Құнанбаева, Көкпекті ауданының № 2 аудандық сотының кеңсе меңгерушісі
Біз, қазіргі ұрпақ, Ұлы Отан соғысы жеңісіне үлес қосқан ардагерлерді ұлықтап, мақтан етуге міндеттіміз. Мен де ел азаттығы жолында Менің атам Аусарбаев Қабдікәрім 1922 жылы Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Көкшетауда жасақталған 609-шы атқыштар полкінде екі-үш ай жаттығудан өткен атамыз, 1943 жылы Воронеж, Дон майданына қатысып, жау шебін бұзуға аттанды. Курск ішінде соғысып, Днепрге келіп жеткен. 1943 жылы Днепрден өтіп, Киев қаласын жау қолынан азат етуге белсенді қатысқан. Осы жолғы Отанының бостандығы үшін жан алып, жан беріскен алапат қырғында көрсеткен батылдығы үшін «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне таққан. 1944 жылы наурыз айында ІІ-Беларусь майданындағы 139-дивизияның құрамында Польша астанасы Варшаваны азат етуге қатысып, екінші рет «Ерлігі үшін» медалімен, Шығыс Германияның портты қаласы Восток үшін шайқаста тағы үшінші рет«Ерлігі үшін» медалімен, Киевті азат етуге қатысқан ерлігі үшін ІІІ-дәрежелі Богдан Хмельницкий орденімен марапатталған.
1942 жылы соғысқа аттанған Қабдыкәрім ата 1945 жылдың қазанында аман-есен, жеңіспен туған елге оралып, 1982 жылға дейін бейбіт өмірдегі еңбек майданына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерін төсіне таққан.
Айта берсек, ата-бабалардың соғыстағы, еңбектегі ерен істері бүгінгі ұрпаққа үлгі. Оларды шағын мақаланың аясына сыйғызу мүмкін емес. Мен де басқалар сияқты, өз туған атаммен мақтана аламын. Өйткені, бүгінгі бейбіт, бақытты өміріміз - аға ұрпақтың бізге ұсынған баға жетпес тартуы. Жеңісті жақындатуға үлестерін қосып, тарихқа естен кетпес есімдерін қалдырғандар болса, солардың қатарында менің атам Аусарбаев Кабдікәрім есімінің бар екені мен үшін үлкен мақтаныш!
Сондықтан, бүгінгі әр ұрпақ ата-баба рухына адал болып, аманатын ақтаса болғаны.
Клара Қайыпжанқызы
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.