Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Жақында Тараз қаласында 1998-1999 жылы жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты болды.

Ата-бабадан жалғасып келе жатқан, бүгінде мәресіне жетіп қазақ спорт түрінің бел ортасынан орын алған, қазақ күресін насихаттап, онымен айналысып атын шығарып жүрген ұлдар мен қыздарымыз жетерлік. Бұл саланың дамуына үлес қосып жүрген, Үлкенбөкен спортшылары десек те артық айтқанымыз емес. Жігіттеріміз белдесіп, ата күшін көрсетіп жатса, бұлармен қатар қыздарымызда қалыспай келеді. Соның бірі, бірегейі болып жүрген спортшы қызымыз Үлкенбөкен мектебінің 10 сынып оқушысы Гүлім Тұрысбекова. Жастайынан жаттығып, спортты жанына серік еткен Гүлім, осы жолғы жарыстарда қазақ қызының намысын бермеді. Гүлім Аягөз қаласында өткен қазақ күресінен облыстық біріншілікте 1 орын алып, ал Тараз қаласындағы Қазақстан чемпионатында 3 орын және «Спорт Шеберлігіне Үміткер» атағын иеленіп, марапатталды. Таразда өткен бұл додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 90 спорт майталмандары қатысты. Өзіміздің Шығыс өңірінен 8 қыз барды, солардың арасынан жүлделі орынды қаншығасына байлаған Гүлім.

Бұл үлкен жетістік бапкері Дәурен Данабековтың да көп жылғы еңбегінің жемісі. Ол өзінің шәкіртінің болашағына үлкен үмітпен қарап, өжет қазақ қыздарының қатары көбейіп келе жатқанына қуанады. Атқа мініп жауға шапқан аналарымыздың қайсарлығы мен батылдығы, бүгінгі бейбіт күнде де қыздарымыздың бойынан табылуы мақтанарлық. Гүлімге мектепті ойдағыдай бітіріп, спортта ғана емес, өмірдің әр саласында бүгінгідей жеңістерге жетеріне сенімдіміз.

Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

МАҚСАТЫМЫЗ - САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Өйткені олар – «ертеңімізді жасайтын бүгініміз». Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – осы жастар.

Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде мектептің орны ерекше. Осы мақсатта Жұбандық Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінде 18 сәуір күні бокстан мектептің ашық біріншілігі өтті. Жарысқа Преображенка    ауылынан 2001-2007 жыл аралығындағы боксшы оқушылар келіп қатысты. Өскемен қаласынан арнайы келген Жайсекенов Өміржан Құмарқанұлы төрелік етті. Өте тартысты өткен жарыста Рахимгалиев Өркен Мұратқанұлының тәрбиеленушілері Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің командасы: Даулетқазы Санияр, Чедеринов Ербол, Мәсәлімов Нұржан, Оралбеков Рауан, Кумашев Азамат жүлделі І орынға ие болса, Тоқтаров Ерназ, Дүйсенбай Ермаһан, Гизатуллин Рахат ІІ орыннан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен марапатталды.

Мектепте салауатты өмір салтын насихаттау жұмысы өз деңгейінде жүргізілуде. Оқушылар бо-йында отансүйгіштік, еңбекқорлық, адамгершілік қасиеттерді дамыту үшін өткізілетін шаралар жас ұрпақтың келешекте өз еліне адал қызмет ететін дарынды тұлға болып шығуына көмектесері сөзсіз.

Самал Айдарқызы,

 «Жас Отан»

жастар қанатының мүшесі

Құрметті жерлестер! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқы ынтымағы күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Біздің «Асыл қазына» этнофольклорлық «Асыл қазына» әжелер клубы құрылғанына аса көп бола қойған жоқ. Дегенмен де бүгінгі күні ұжымды әр концерт сайын ауылдағы кәрі-жас асыға күтеді. Біз өзіміздің атқарып отырған жұмысымызды аса қажет деп санаймыз. Сондықтан да №1 Самар орта мектебінде жиі болып тұрамыз. Сабақты орыс тілінде оқитын балалар үшін қазақ ұлтының салт-дәстүрін көрнекі түрде көрсетіп, әндер орындаймыз. Оқушылармен тығыз байланыс орнатуға тырысып, орталық кітапханамен бірігіп, оған колледж, Ж.Болғанбаев атындағы, №1 Самар орта мектебінің оқушыларын шақы-рамыз. Ата-аналармен де кездесу өткізіп, ұлттық болмысымызды насихаттауға үлес қосып жүргенімізді мақтан тұтамыз. Самар Мәдениет үйінде жаб-дықталған бір бөлмеде біз ұлттық ою-өрнектер мен қолданбалы өнер туындыларын қойғанбыз. Оған келіп көремін деушілерге есік ашық. «Русский сувенир», «Забава», «Атамекен» ансамбльдері мен домбырашылардың «Атамұра» ансамблімен де тығыз байла-ныста жұмыс атқарып келеміз.

Құрметті аудан тұрғындары, отандастарымыз. Сіздерге әр-қашанда осындай бір отбасы болып, тату – тәтті өмір сүруді нәсіп етсін. Кең байтақ Отанымызда тек қана ынтымақ пен бірлік мекен етсін деп тілейміз. Тек мереке күндері ғана емес, күнделікті тіршіліктегі ниет-пиғылымыз бен арман-тілектеріміз бір арнада тоғыса берсін деп тілейміз. Қазақстан жасасын!

Самар ауылындағы «Асыл қазына» әжелердің фольклорлық-этнографиялық  клубының мүшелері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы Отан соғысы ардагерлерін жалпыұлттық қолдау шарасы жөніндегі бастамасы кеңбайтақ Отанымыздың барлық өңірлерінде жалғасып жатыр. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы ТМД елдерінің бәрінде де кең көлемде аталып өтуде. 2015 жыл Достастық елдерінде Ардагерлер жылы деп белгіленген. Осы орайда атап көрсететін бір жайт, Қазақстанда өткен жұма күні бүкіл еліміз бойынша бұрын-соңды болмаған, ТМД мемлекеттерінің ешбірінде баламасы жоқ шара басталған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыстар мен қалалар және аудандар әкімдері соғыс ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, оларға алдағы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальдарын табыстады.

Ағымдағы жылдың 17 сәуір күні сағат 10.00-де барлық ауылдық округтердің клуб үйлерінде, мектептердің акт залдарында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және оларға теңестерілген азаматтарға мерейтойлық медальдар тапсырылды. Бұл іс шара - Көкпекті ауылының Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Бұнда ардагерлерді құттықтап, мерекелік концерт қойылды. Сонымен қатар, ең қастерлі мереке Жеңіс күні қарсаңында Самар ауылы Мәдениет үйінде болды. Бұл мерекелік кешке, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Гүлбаран Майлыбайқызы Ақшабаева құрметті қонақтарды келе жатқан мерекелерімен құттықтады.

- Биыл халқымыз үшін ерекше жыл. Еліміз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты мерекелеу үшін үлкен дайындық үстінде. Біз соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне соғыстың отты жылдарында ерлік танытқаны, ұмытылмас азабын жеңгені үшін алғысымызды білдіреміз. Қымбатты ардагерлер, сіздердің Жеңісті жақындатуға қосқан үлестеріңіз ұшан теңіз, - деді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары.

Құттықтау сөздерді Самар ауылдық округінің әкімі С.Дүсіпов, Көкпекті ауданы қорғаныс бөлімінің басшысы Р.Абдрахманов жалғастырды. Олар аға буын өкілдері қолдарына қару ұстап, майданға аттанып, балалықты ұмытып, қара жұмысқа жегілген бозбала мен бойжеткендер «Бәрі де майдан үшін!» ұранымен аянбай еңбек еткендігін атап көрсетті.

Тыл еңбеккері және ардагер ұстаз самарлық З.Сидорова келе жатқан Ұлы мереке Жеңіс күнімен құттықтады, зор денсаулық, бақыт, ашық аспан тіледі. Өз сөзінде Зинаида Васильевна отбасыларында cоғыс кезінде майдан жолынан келіп тұрған хаттар туралы және әкесінің інісі хабарсыз жоғалып кеткенін айтты. Аудан бойынша соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне барлығы 594 медаль табысталды.

Қариялардың кеуделері мерейтойлық медальдармен толығып, қуанышқа кенелді. Кездесу аяқталғанда мәртебелі қонақтарға мерекелік қонцерт ұсынылды.

Қанат АПСАДЫҚОВА,

Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

 

Әлемді фашизм басқыншылығынан азат етіп, бейбітшілік ұрығын себуге себепші болған сол бір Жеңістің биыл 70 жылдығын біздің елімізде де кең ауқымда атап өтуге даярлық баяғыда бас-талып кетті. Жыл басынан бері Жеңістің мерейтойына арналған іс-шаралар барлық мектептер, кітапханалар және мекеме, ұжымдарда жоспарлы түрде өтуде. Солардың қатарында Самар аграрлық-техникалық колледжі де бар. Колледждің мереке қарсаңындағы қарбаластары туралы директордың орынбасары Шәмшинұр Мұхтарқызы Қарымбаева әңгімелейді.

- Біздің мекеме жасөспірімдерге кәсіби білім берумен қатар олардың патриоттық тәрбиесіне де айрықша мән береді. Еліміздегі айтулы оқиғалар Қазақ хандығының 550, Ассамблеяның 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын атап өтуге біз жыл басынан бері жүйелі жоспар жасап, оны орындауды ерекше бақылауға алғанбыз. Жоспар бойынша қарастырылған шаралардың барлығына да студенттер толық қамтылып, ешқайсысы да сырт қалмауы басты мақсат етіп қойылды.

Ал енді тақырыптық кештер, ашық сабақтар мен кездесулер әр топта өтті. Атап айтсақ, №33 топта (топ жетекшісі Б.Дүсіпов) өткен ашық сабақ тарихи-өлкетану мұражай және орталық кітапхана мен бірлесе ұйымдастырылған. Онда соғысқа қатысқан жерлестеріміз туралы тың мәліметтер ұсынылып, жаңадан жасалған слайдтар көрсетілді. «Естелік кітабы» бойынша студенттер өздерінің таныстарын, туыстарын тізімнен тауып, олар жа-йында мәліметтер жинады. Мектеп кітапханашысы Д.Көшерова өткізген «Батыр қыздар» атты тәрбие сағаты Батыр қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға арналды. Ұлы Отан соғысы ардагерлері туралы түсірілген деректіі фильмді көріп, оны талқылауға арналған сынып сағаты да аса мәнді болды.

Колледждің әскери даярлық пәнінің мұғалімі Қ.Оспановтың ұйымдастыруымен Ауған жауын-герлерімен өткен кездесу аса тартымды болды. Инернационалист жауынгерлер студенттерге бүгінгі бейбіт күннің маңызы туралы жете айтып берді десе болғандай. Олардың барлығы да осы колледж қабырғасынан шыққан. Білім беру мекемесінің қабырғасында алған оқу, тәжірибе біліктіліктерінің өмірде сол атаусыз соғыс кезінде кәдеге асқанын баса айтты. Бұл бүгінгі студент үшін есте сақтарлықтай, үлгі боларлықтай өнеге. Қазіргі күні студенттер өздерінің ұстаздарымен бірге «Даңқ бұрышын» жабдықтап жатыр. «Отан үшін от кешкендер», «Батыр қыздар» атты стендтер жасалған. Олар колледж дәліздерінің көрнекі жерлерінде ілініп тұр. Сонымен бірге, оқушылар арасында саптық сайыс, суреттер   сайысы, патриоттық әндер сайысы, жыр мүшәйрасы өткізілді. Бұл шара әлденеше кезеңдерден тұрып, қорытындысы мамыр айында шығарылады.

Мереке күні жақындаған сайын маңызы арта түседі. Колледж студенттері ауыл тазалығы, абаттандыру жұмыстарына да белсене қатысады. Олар ауылдағы Даңқ мемориалы, Ауғандық жауынгерлер саябағына да қамқорлық жасайды. Патриоттық тәрбие тек қана кітаптан оқып, сурет пен кино көрумен шектелмейді. Әр студент патриоттық шаралардың бел ортасында бірге жүріп, оны ұйымдастырып, өткізуде де белсенділік танытуы тиіс. Сонда ғана олардың бойында еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік пен намыс, жігер оянады. Біздің педагогтық ұжымның да алға қойған мақсаты осы.

Жазып алған Клара НҰРПЕЙІСОВА 

Ағымдағы жылдың наурыз айында, Көкпекті орта мектебінде Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына орай аудандық «Абай оқулары» атты сайыс өтті.

Сайысты ұйымдастырудағы басты мақсат - А.Құнанбаев өлеңдерін жатқа және мәнерлеп оқуға, Абай әндерін орындай білу, Абай шығармашылығын өскелең ұрпаққа жан-жақты таныту, Абай мұрасын дәріптеп өсуге тәрбиелеу. Сайысқа ауданға қарасты барлық мектеп оқушылары қатысты. Мектеп акт залы қатысушыларға лық толы болды. ««Ер Тарғын», «Қобыландыны» оқып байқа, Абайды оқы, таңырқа, басыңды шайқа», -деп Сұлтанмахмұт Торайғыров бекер айтпаған. Абайдың шығармаларын оқыған адам Абайдың өзімен тілдескендей күй кешіп қана қоймайды, дананы тани білетін адам оны білгеннің үстіне біле бергісі келеді.

Ендеше, «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең», - деп Абай атамыз біліп айтқандай. Сайыс барысында «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты жатқа оқу номинациясы бойынша бас жүлдені Әуезов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Ақтолқын Дауытқанова иеленсе, «Әнді сүйсең, менше сүй» номинациясынан бас жүлдені Казнаковка орта мектебінің 8 сынып оқушысы Елназ Бақытбекова, ал «Жүйріктен жүйрік озар» ақынға арнау номинациясын Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің 9 сынып оқушысы Айдын Тоқсанов қоржынына еншіледі. Әділқазы алқасының тарапынан орын алған оқушыларға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Г.Мұхаметқалиева, қазақ тілі мен әдебиеті

пәні мұғалімі, Әуезов атындағы орта мектеп

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Наурыз 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз