Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша ұлттық ерекшелік, дәстүр бар. Халық ауыз әдебиеті ішіндегі ең бір өміршең жанр – айтыс. Жексенбінің сәтті күні Самар шаһары жас ақындардың жырына кенелді. Мұхамед /с.а.у/ Пайғамбар дүниеге келген қасиетті «Мәуліт мерекесіне» орай Самар Мәдениет үйінде «Дін мен Дәстүр» атты аймақтық ақындар айтысы өтті. Бұл шараға мұрындық болған - Көкжыра ауылындағы «Қасымхан» мешітінің бас имамы Нұркен қажы, осы ауылдың тумасы, ұлттық құндылықтар қолдаушысы, бас демеушісі Досан Қасымхан.
Мерекелік кештің шымылдығын құттықтау сөзбен Нұркен қажы ашып берді. Аудан мешіттерінен келген имамдар сахнаға шығып, Пайғамбарға (с.а.у) арналған «Мәуліт жырын» оқыды. Тағылымы мол рухани кешке Самар және жақын ауылдардың тұрғындары, барлығы 100-ден аса адам куә болды.
Еліміздегі карантиндік шектеулерден кейін алғаш рет шымылдығын түрген жыр аламанында 8 ақын бақ сынады. Көрші аудандардан келген азулы ақындармен қатар облыс орталығы Өскемен қаласының намысын арқалаған жас таланттар қатысты.


Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері - көкпектілік Фархат Маратұлы, өскемендік Серік Қуанған, зайсандық Ардабек Ақбаба, ұландық Естай Жанабаев, Түркістаннан келген Гүлжан Ықыласқызы, үржарлық Баян Жақанов, өскемендік Қуаныш Еркінұлы, ұландық Тілек Мұратұлы жиналған қауымға рухани азық сыйлады.
Аламан айтысқа Самар ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Айдархан Садықов, ақын Кәбдікәрім Әбілов, Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Ермек Нұрлан, мәдениет саласының қызметкері, Көкжыра ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Салтанат Байжұминова, Көкжыра ауылының мектеп директоры Гаухар Бибосынова қатарлы сөз өнерінің қыр-сырын қанық білетін жандар қазылық етті. Жас ақын Аян Қалымбек жүргізушілік тізгінін қолына алды. Алғашқы болып сахнаға Ардабек Ақбаба мен Естай Жанабаев шықты. Жыр додасында шешен сөйлеп, тапқыр ой білдірген Ардабек Ақбаба ерекше өнерімен көзге түсті. Келесі ретте Тілек Мұратұлы мен Баян Жақановқа кезек берілді. Бұл жұптың айтысы да тартысты өтті. Баян ақын көкпектіліктерді екінші рет айтысқа шақырғаны үшін жылы лебізін білдірді. 2019 жылы Бастаушы ауылында өткен айтыста ол бас жүлдені жеңіп алған еді. Сол кезде онымен айтысқа түскен Аян Қалымбек сахнада Баянға тай мінгізген екен. Сөз қағыстыра келе Баян астарлы әзілмен сол айтқан сөзінде тұрмағанын Аянның есіне түсірді. Тілек пен Баянның сөз сайысы нағыз шаппа-шап айтыстың өзі болды. Көрермендер Баянды қолдап, киқу білдіріп, ду қол шапалақпен құрмет көрсетті. Нәтижесінде бұл жұптың жеңімпазы ақын Баян болып шықты.
Үшінші жұп Гүлжан Ықыласқызы мен Қуаныш Еркінұлы. Бұл ақындардың сайысы әзіл-қалжыңға толы болды. Сонымен бірге, Гүлжан ақын адамгершілік пен жан тазалығының жоғалуы, қазіргі жастардың, әсіресе жас қыздардың мінез-құлқы туралы өзекті тақырыпты көтерді. Ата-анаға қамқорлық балаға жүк болып, туған әке-шешесін қарттар үйіне жіберу, сәбилерді қоқыс жәшіктеріне тастау сәнге айналды деп, тақырыпты аша түсті. Айтыс ережесіне сай қағытпа қалжың, әсерлі әзілден бастап, еліміздегі әлеуметтік мәселелерді де шайырлар жырға арқау етті. Соңғы жұп болып сахнада Фархат Маратұлы мен Қуаныш Еркінұлы сөз қағыстырды. Бұл додада біздің жерлесіміз қарсыласына лайықты тойтарыс беріп, аудан намысын абыроймен қорғады. Ұлттар мен халықтар арасындағы бірлік пен келісімді, мызғымас достықты көзінің қарашығындай сақтау туралы ақынның негізгі ойы көрермен көңіліне қонымды болды.
Жырдан шашу шашылған кеште ақын Баян Жақанов өзі шығарған «Жалған дүние» әнін орындап, көрермен назарына «Ей, менің бауырларым» атты бейнебаянын ұсынды. Сонымен бірге, Баян Жақановтың айтуынша, оның төл туындысы «Жалған дүние» әніне бөтен біреулер клип шығарып, әлеуметтік желіде өздеріне тиесілі деп жариялаған екен. «Құдай куә, әнді мен жазғанмын. Жалған дүниеге қызықпай, адамгершілігімізді жоғалтпай жүрейік!» - деп, түйіндеді жас ақын.
Кеш қонағы түркістандық Елдос сан алуан әнімен, әуезді де терең мағыналы термелерімен көрермен көзайымына айналды. Түскі уақытта үзіліс болып, шара ұйымдастырушылары барлық шақырылған қонақтарға арнайы Мәуліт дастарханын жайып, құран бағышталды. Дін қызметкерлері уағыз айтты. Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы жақсы көрудің қаншалықты маңызды екендігі де көркем түрде жеткізілді. Қатысушы ақындардың бірі талай жыр бәйгесіне қатысып, ысылған, тәжірибесі мол болса, бірі жаңадан топқа қосылып, аламан бәйгеге енді түсіп жатқандар. Десе де олардың қай-қайсысы да осал емес екендіктерін көрсетті.
Қазылар шешімімен Фархат Маратұлы мен Қуаныш Еркінұлы, Гүлжан Ықыласқызы мен Баян Жақанов, Серік Қуанған мен Ардабек Ақбаба жұптары финалға шықты. Ақтық сынға түскен ақындардың сөз тартысы қызық әрі ұзақ болды. Кеш жүргізушісі Аян Қалымбек олардың жарысын тоқтатуға бірнеше рет әрекеттенгенімен, көрермендер бөлмеуді өтінді.
Марапаттау рәсіміне де кезек берілді. Әділқазылар алқасының шешімімен додаға қатысқаны үшін ынталандыру сыйлығы (30 000 теңгеден) Серік Қуанған, Ардабек Ақбаба, Тілек Мұратұлы және Естай Жаңабаевқа табысталды.
Ал, III орынның жүлдесін (70 000 теңге) ақын Қуаныш Еркінұлы иеленсе, II орынға (100 000 теңге) Гүлжан Ықыласқызы лайық деп танылды. I орынды (150 000 теңге) талантты ақын Баян Жақанов олжалады. Ал, айтыста шашасына шаң жұқтырмай оза шапқан шын жүйрік біздің жерлесіміз Фархат Маратұлы Бас жүлдені (200 000 теңгеге) қанжығасына байлады.
Көптен бері айтыс өнерін сағынған халық, үйлеріне көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Осыдан 30 жыл бұрын осы мәдениет үйінде алғаш рет ақындар айтысы өткен еді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында домбыра үні, жас ақындардың тамаша сайыстары қайта естілгені қуантады. Самар халқы айтыспен қайта қауышты.

Қанат АПСАДЫҚОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2021 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз