Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Самар бастауыш мектебіндегі «Солнышко» лагері оқу жылы аяқталған соң бір аптадан кейін жұмыс істей бастады. Содан бері демалушы балалар талай қызыққа батып, түрлі жарыстар ұйымдастырып, концерт қойып, ойындар ойнап уақыттарын мәнді өткізуде. Олар өздерінің «Зожики» атты үгіт бригадасын құрған. Ол салауатты өмір салтын насихаттайды.

Жақында саламатты өмір салтын қалыптастыруға үндеу және 26 маусымда аталатын Нашақорлықпен күрес күніне орай өтіп жатқан айлық аясында «зожиктер» мен ауданаралық аурухананың СӨС кабинеті және Самар медико-әлеуметтік мекеме бірлесіп, «Саламатты өмір салты – өмірлік серік болсын» атты қызықты сайыс өткізді. Ең алдымен, үгіт бригадасы сөз алды. Олар әртүрлі кино кейіпкерлерінің фильм барысында шылым шегіп, ішімдік ішетіндерін, нашақорлықты көрсететінін, бұл жастарға кері тәрбие беретінін айтты. Арақ, темекі мен инедегі нашаның айтысын, олардың өздерін мақтағанын, ал балалардың барлығы жиылып оларды қуған көрінісі қызықты болды.

Салауатты өмір салтын насихаттаушылар үш командаға бөлініп, өзара күш сынасты. Ракеткамен допты құлатпай қарсы жаққа апару, спорттық құралдарды жинау жарыстарында сары, қызыл, көк түсті жалауша иелері қызықты ойын көрсетті. Команда құрамында болған балалар да, МӘМ-нің қызмет алушы қариялары да, әлеуметтік қызметкерлер де бар өнерлерін салып, командаларының қалыспауын қамтамасыз етті. Мектеп оқушысы Саша Коновалов акробатикалық жаттығулардан көрініс көрсетті. Ал 87 жастағы Қарттар үйінің тұрғыны Михаил Гаврилович Герасимчик  жұртшылықты таңқалдыра шпагатқа отырды. Ол осы жасына келгенше таңертең ерте тұрып жүгіреді, жаяу жүреді, суық сумен жуынады. Бұл көрсетілімнен кейін велосипедшілер жарысқа шықты. Олар өздерінің ептіліктерін көрсете білді.Жарыс қызықты аяқталды. Балалар өздерінің тәрбиешілері Е.Малышеваға, Т.Морковскаяға, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі М.Зарқұмоваға, СӨС кабинетінің қызметкерлеріне, МӘМ-нің әлеуметтік  қызметкерлеріне алғыс айтты. Ал СӨС медбикесі Н.Күдербаева қатысушыларғы шырын таратты.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде біз әдеттегідей жанымызға шипа беріп, ауыра қалсақ ем жасап, қашанда денсаулық күзетінде тұратын мамандық иелерінің кәсіби мерекесін атаймыз. Биыл өзіміз ардақ тұтатын мамандық иелерін ұлықтау Самар ауылында өтті. Салтанатты шара медицина қызметкерлерінің әнұранына айналған «Люди в белых халатах» әнімен басталды. Оны нақышына келтіре Т.Нечаева орындағанда бүкіл зал орындарынан тік тұрып тыңдады, қол соқты. 

Жиналған екі аудандық аурухананың қызметкерлерін, медицинаның басқа да саласы мамандарын мерекемен аудан әкімі атынан оның орынбасары К.Смаилова құттықтады. Жалпы алғанда, ауданның медицина саласы жылдан-жылға дамып келеді. Мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, аудандағы емдеу мекемелері аурудың алдын алу жолдарын кеңінен қолдануда. Жыл сайын жас мөлшерлеріне байланысты скринингтен өткізу жұмысы жақсы нәтиже беріп, жүздеген адамдар аурулары асқынбай тұрып, ем қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Биылғы жылдың басынан бері екі мыңнан астам адам скринингтен өтіп үлгерген. Қазіргі күні жұмыс жалғасуда. Бұл арада учаскелік дәрігерлер, медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын атап өту орынды.

Соңғы үш жылда ауданымызға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша дәрігерлер мен медбикелер келіп, кадр жаңаруы жолға қойылып отыр. Олардың барлығына бірдей әлеуметтік көмек жасалған. Ауданның медицина мекемелеріне жөндеу жұмыстары жасалып, қажетті қондырғылар сатылып алынуда. Ең қажетті құрал маммограф сатылып алынса, биыл екі аурухана автопаркі жаңа көліктермен толықты. Үлкенбөкен ауылында құны 135 млн. теңге болатын дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. Ол биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Ауданның емдеу саласы мамандарына аудан әкімі, облыстық денсаулық сақтау департаменті бастығы атынан марапаттаулар тапсыру рәсімі өте қызу өтті. Олардың арасында Р.Жұмағазина, С.Макарова, Ж.Үмітбаева, Б.Оралова, Г.Татманова, Т.Мұқажанова, Г.Закирьянова және басқалары бар. Бүгінгі мерекемен ақ желеңді абзал жандарды ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының басшылары мен әр сала бөлімдері құттықтады. Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі Н.Назарханов әкімшілік атынан ауылдағы амбулаторияға сыйлық тапсырды және Қ.Баймолдин жетекшілік ететін «Табиғат» шаруа қожалығы компьютер сыйлайтынын жеткізді. «Рүстем» шаруа қожалығы Көкжайық дәрігерлік амбулаториясына ноутбук сыйласа, «ҚалмұқжомАхмет» ШҚ Үлгілімалшы емдеу мекемесіне компьютер, еңбегі сіңген дәрігер И.Қалиеваға жеке сыйлық тапсырды. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар орталығы медқызметкер Баян Советқызын марапаттады. Самар ауылдық округінің әкімшілігі атынан «Ауданаралық ауруханаға» сыйлық тапсырылды.

Әріптестерін қырық жылдан астам еңбек өтілі бар балалар дәрігері В.Резникова, емделушілер атынан «Күміс алқа» иегері Г.Поттахова, ардагерлер атынан Самар ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы М.Балажанова және басқалары құттықтады. Ауыл тұрғындары арасында «Дәрігер, сен бізге керексің» атты акция өтіп, онда ең үздік деген дәрігерлер анықталды.

Бұл күні шырқалған ән, биленген би, әзілдің барлығы медицина қызметкерлеріне арналды. Олар өздеріне арналған концерттік нөмірлерді тамашалай отырып, бірге ән айтты, жарасымды қалжыңға риясыз күлді. Викториналық ойынға қатысып, сыйлықтар ұтып алды. Оларға тамаша көңіл күй сыйлауда «Асыл қазына», «Інжу-маржан» әжелер топтары, «Самарчанка» би ансамблі, Көкпекті және Самар Мәдениет үйінің әртістері атсалысты.

Бұл күн шын мәніндегі өз мамандығына, Гиппократ алдында берген антына адал жандардың мәртебелерін көтеріп, мерейін үстем қылатын күнге айналды.

Жұлдыз Сләмбекқызы Юсупова, дәрігер:

-Бүгінгі мереке есте қаларлықтай болды. Мен барлық дауыс берген адамдарға алғыс айтамын. Қазіргі заман медицинасы жан-жақты дамып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасы артып келеді. Бұл жөнінде мемлекет тарапынан да қатаң талап қойылуда. Әріптестерім осы талап үдесінен шығып, қашанда халық алғысына бөлене берсін деп тілеймін.

Л.Поттахова, ауыл тұрғыны, «Күміс алқа» иегері:

-Мен байланыс саласында 34 жылдан артық жұмыс істедім. Көпбалалы ана ретінде ауруханаға да жиі қаралдым. Қазір мен зейнеткермін, ал балаларым аман-сау өсті. Оның барлығына медицина қызметкерлерінің де қосқан үлесі бар деп санаймын. Бұрынғы аға буын дәрігерлер қандай еді, олар өздерінің отбасындағы жағдайды ысырып қойып, күн-түн демей, ақша үшін жұмыс істемей, арды ойлайтын. Қазіргі жастардың да сол жолдан ауытқымай, науқастың қабағына қарай біліп, шыдамдылық танытса, сол алдыңғы аға-апайларынан үйренсе, үлгі алса деймін. Сонда ғана халық алғысына бөленері сөзсіз. К.Мұқатаева, медбике:

-Семей медицина училищесін аяқтай сала Көкпекті аудандық ауруханасында жұмыс істей бастадым. Табан аудармай аудандық перзентханада балалар медбикесі болдым. Өмірге жаңа адам келгені қандай бақыт десеңші! Қаншама сәбиді анасының құшағына алғашқы болып ұсыну перзентхана медбикесі үшін екі есе бақыт дер едім. Жөргек иісі аңқып тұратын сол кезді сағынып жүрмін. Мен қазір зарарсыздандыру бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл жердегі жұмыс та жауапты. Жалпы, медицина қызметкері қай жерде жұмыс істесе де жауапкершілігі зор. Сондықтан да, әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтай отырып, сеніп тапсырылған жауапкершілікті ақтай берейік дегім келеді.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапты қызметіне деген құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ желеңді кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат.

Толығырақ...

2014 жылдың жаз айлары басталысымен Көкпекті ауданына қарасты жазғы демалыс лагерлерінде 15 маусымнан демалыс кезеңі ашылады. Демалыс маусымының ашылуымен қатар өзенге суға шомылытын уақытта басталуы шарт. Новостройка ауылындағы «Балауса-Көкпекті», Мойылды ауылындағы «Таусамалы», Миролюбовка аулындағы «Достық», Көкжыра ауылындағы «Жас Өркен», Сарыбел аулындағы «Жас толқын» балажайлары балдырғандарға есіктерін айқара ашып, өз жұмыстарын бастайды. Көкпекті ауданы аумағында ерекше жасақталған суға шомылатын жерлер жоқ. Осыған орай, су жағалауларына демалысқа баратын адамдар өте сақ болып, ұсақ балаларын қараусыз қалдырмауын қатаң ескертеміз. Былтырғы 2013 жылы 3 ересек, 1 бала суға кеткені туралы мәлімет бар. Оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында келесідей шарттарды сақтауды ескертеміз:

1. Суға түскенде таныс емес жерледе жағадан суға секірмеу,

2. Ағынды, иірімді суларға түспеу,

3. Қолдан жасалған жүзу құралдарын пайдаланбау,

4. Ішімдік ішіп суға түспеу, балаларды қараусыз қалдырмау.

Сонымен қатар, кәсіби балықшыларға балық аулауға шыққанда қауіпсіздік құралдары мен аспаптарын сайлап шығуды естен шығармауды ескертеміз. Демалыстың қайғылы оқиғаларға әкеп соқтырмауы үшін суда жүзу, тусу ережелерін мұкият сақтауға шақырамыз.

Қ.Әңкебаев, аудандық

ТЖ және АҚ жөніндегі бас маман

Ойланып қарасаң, күллі байлықтың барлығы да не ақша, болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен де, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ем іздеп алдына бара қалатын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше. Бүгінгі күні еңбек етіп жатқан дәрігерлер мен медбикелер де ғасырлар бойы келе жатқан ұлы мамандықты жалғастырушылар. Сондай дәрігерлер мен медбикелердің бір легі Самар ауылындағы ауданаралық ауруханада жұмыс істейді.

Жоғары білікті дәрігерлер Г.Шапатова, В.Резникова, В.Сиковая, С.Смағұлова отыз жылдан артық еңбек етіп келе жатса, олардың ізін ерлі-зайыпты Зиядановтар, Асылгүл Хасам, Т.Мұқажанова, Г.Мешелова, С.Жұмажанов және басқалары басып келеді. Кеше ғана «Гиппократ антын» беріп қатарға қосылған, мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген дәрігерлер И.Байзақова, Д.Ізғұттынов, Ш.Әбдіқайымов, А.Ізғұттынова, Л.Халелова, А.Стукачева болашағынан үміт күттіреді. Олар өздерінің алған білімдерін барынша сарқа жұмсауға тырысуда. Білмегендерін алдыңғы буын аға-апайларынан үйренуден жалықпайды.

Науқастарды емдеуде ең маңызды орын алатын адам, дәрігер мен науқастың арасын жалғастырушы, өзінің тек ем-домымен ғана емес, жылы сөзімен де жылылық нұрын шашатын адам - медбике.   Р.Солтанбекова, Е.Габербуш, Б.Тасылбаева, Г.Өмірзақова,  Г.Чукотаева, Б.Оралова, О.Прищепина, Ж.Аманова, Н.Ақашева, Г.Шайырғазина, Л.Ғалиева, Ә.Таранова және басқа медбикелер кезінде осы аурухана алғаш ашылған жылдары жас маман ретінде табалдырығын имене аттаған еді. Енді, міне, өздері біреуге ақылшы, көпті көрген, кез келген уақытта жаны қысылған науқасқа білікті көмек көрсете алатын жандар. Олардың соңынан еріп келе жатқан жас медбикелердің өздерін қазір сақа мамандар деуге келіп қалды. Ал ең жастары былтыр ғана медбикелік білім алып, жұмысқа орналасқан Ж.Сыдықова, Н.Фибих, Д.Иматулина, Д.Файзулина.

«Ақ желеңді абзал жандар» деген сөз тіркесі тек медицина қызметкерлеріне ғана таңылып айтылады. «Көкпекті аудандық ауданаралық аурухана» КМК ұжымында нағыз осы атаққа лайық адамдар жұмыс істейді. Осындай үлкен ұжымды өзі жас болса да, дәрігерліктің ғылыми жолын да игеріп келе жатқан білікті маман Саят Замамбекұлы Таңатаров басқарып отыр. Мерекелеріңіз құтты болсын, адам өмірінің сақшылары. Еңбектеріңіз еленіп, атқарған істеріңіз халық көңілінен шыға берсін.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз