Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Күміс шыңдары зеңгір көкпен таласқан түркілердің алтын бесігі – Алтайға ат шалдыратындар аз емес. Босағасы ала жаздай қонақтардан босамайды. Сөзсіз, сұлу мекен. Дәл сол сияқты суы шипалы Алакөлді аңсап жететіндердің де қарасы көп. Хакім Абай өткен Жидебай өңірін айтсақ, әр тасы тұнған тарих. Тұлғалар туған киелі өңір.

Бұл жерлерді білмейтіндер, әй жоқ-ау. Барып көрмесе де, хабардар. Сол үшін де «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Атамекен» экспедициясы көп ешкім біле бермейтін атақоныстарға ат басын бұрды. Сөйтіп, Қалба сілемдерінің қос қапталын жайлаған Көкпекті мен Ұлан аудандарын аралап шықтық.
Ертістен түстікке қарай созылып жатқан Қалба жотасының қойнауы – көненің көзі, сақтардың ізі қалған киелі жер. Зиялы қауым мен журналистерден, фотографтар мен блогерлерден құралған топтың сапары көрікті Көкпекті жерінен басталды. Тәуелсіздіктің отыз жылында рухани толысып, асқан асуымыз, шыққан белесіміз аз емес екен. Бірақ келмеске кеткен кеңес кезінде құнды деректердің тоналып, кейбір дәстүрлерден қол үзіп қалғанымызды да байқадық.

 

Киелі Көкпекті
Құлқын сәріде жолға шыққан экспедициямыз тоғыз жолдың торабында тұрған Көкпектіге түс болмай ілінді. «Атамекен» тобын бұдан әрі өңірдің өткенін зерттеп жүрген өлкетанушы Қайрат Мәлікаждар бастады. Қазіргі Көкпекті ауданы Қалба жотасының шығысынан Қаракезең, Өртеңтауға қарай созылып жатыр.
Дала жолы. Соңымыздан түбіт шаң қалдырып, Көкпектінің көне кітапханасын бетке алдық. Ол дегеніміз, Биғаш ауылынан 10-15 шақырым жердегі жазықта. Шошайған мұнарасы мұнартып, алыс-тан көрінді. Маңайында ел-жұрт шөп жинап жүр. Құба белдің етегінде жалғыз тұрған кесенені жергілікті жұрт ықылым заманнан бері Апырым байдікі деп кеткен. Өлкетанушы Қайрат Мәлікаждардың айтуынша, мазар 1850-жылдары осы төңіректе өмір сүрген ауқатты шонжар – Апырымға орнатылыпты. Апырым бай діни сауатты, білімді адам болған екен. Тірі кезінде өзі оқыған кітаптарын кесене күмбезіне қоюды аманаттапты. Оны көшпенді қазақтар дала кітапханасы ретінде қолданып келген. Өкініштісі, Кеңес өкіметі орнаған соң құнды кітаптардың қиқымын да таппай қалдық. Байқағанымыздай, мұнараның басындағы айдың үш-төрт жерін оқ тесіпті. Қызылдар мергендіктерін сынаса керек. Бәрінен де көз қуантарлығы, көне мазардың сыртқы тас дуалы, күмбезі сақталған. Алты қырлы бейіттің биіктігі де алты метрдей. Қорғанның сыртынан қайтадан қоршау салынған. Ай күмбезді кесененің сәулеті өзгеше. Кісі жерлеген жердің сыртына биік тастан қорған салып, оның үстіне 2 метр ағаш діңгектер орнатылған. Содан соң барып шатыры жабылған. Шатырдың үстіне күмбез тұрғызылған. Ал астыңғы жағынан кітапты апарып қоюға арналған есік жасалыпты. Кесенеге керекті тас пен ағашты алыстан тасығаны анық. Өйткені Апырым бай жерленген кең жазықта түйір тас, бұдыр ағаш жоқ. Қазіргі уақытта көне кесенені тарихи ескерткіштердің қатарына енгізу бо-йынша құжаттар жинақталып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.
–Жаз жайлауы Алтай болғандықтан алысқа адамдар кітап іздеп сабылмасын деп, кесене шатырына дала кітапханасын салғызған.


Ұрпақтары елге керекті кітаптарды киізге орап, кесене шатырына қойып кетеді екен. Оны білетін оқымыстылар кітапханадағыдай керегін алып, қайта апарып қойып отырған, – дейді Қайрат Мәлікаждар.
Күні кеше ғана Өскеменнің орталығына орнатылған букшеринг дүңгіршектері өткен ғасырларда Көкпекті даласында пайда болыпты. Иә, атақонысымыздың зерттеле қоймаған тұстары әлі де көп секілді. Тарихшылардың пікіріне сүйенсек, Елеке сазынан табылған бұйымдардың алтыны Көкпекті өңірінен жеткізілген көрінеді.
– Анау белдің үстінде мұртты қорғандар бар. Археолог Әбдеш Төлеубаев келіп, көріп кеткен. Қазба жұмыстарын жүргізсе, Берел мен Елеке сазындағыдай құнды жәдігерлер табылуы мүмкін, – дейді өңірдің ой-қырын жақсы білетін Қайрат Мәлікаждар.
Яғни таудың табаны толған кеніш. Қалба сілемдері алтын-күміске ғана емес, флора-фаунаға, аң-құсқа да бай. Қызыл құмды са-харасымен әйгілі Құлынжон қорығы да осы өңірде.
Ендігі тоқтаған жеріміз – Бармақ батырдың мазары. Баба басында қол жайып, құран бағыштадық. Қаракерей Қабанбай, Ақболат пен Сатыпалды сынды батырлармен үзеңгілес болған Бармақ батыр Қызылбұлақ шайқасында ерлікпен қаза тауыпты. Ол Ақтабан шұбырынды басталмай-ақ, ел арасында «батыр» атанған. 1723 жылы қазақ жеріне жоңғарлар шапқанда Бармақ небәрі жиыр-ма-ақ жаста екен... Бүгінде үш күмбезді кесенесі қоршалып, алдына тақтатасы орнатылған. Зиялы қауымның әңгімелеріне құлақ түрсек, Көкпекті өңірінен шыққан билер, батырлар аз емес. Құнанбайдың замандасы Тана Тілемісұлының осы өңірде мешіт салдырғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Тана мырза мешіті Құлынжон, Бөкен, Тентек өзендерінің тоғысып, Ертіске құйған жерінде бой көтеріпті. Ол мешіттің ашылуына Құнанбай он сегіз жастағы ұлы Абайды ерте келіп, құрмет көрсеткен екен.
...Қаракезеңнен асқанда көзіміз таңбалы тастарға түсті. Жол бастаушы Қайрат Мәлікаждардың есептеуінше, төрт тақтаға қашалған ұзын саны 119 сурет бар екен. Мұндағы таңбалардың құнды болатын бір себебі – үш дәуірді қамтиды; неолит, ерте қола және қола. Көргендерін журналистер мен блогерлер блокноттарына түртіп алып жүрсе, оператор, фотографтар сәтті ракурстан таспаға тартумен болды.
Күн екіндіге таяғанда «Атамекен» экспедициясы Толағай тауының бауырына ат басын тіреген. Көкпектінің ең биік нүктесінен көк байрақты желбіретпек ниетте Толағайдың ұшар басына қамдандық. Ырымшыл халықпыз ғой. Экспедиция Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы ұйымдастырылған соң туымыз биіктен желбіреуі керек болды.
«Бес жүз жылдар шамасында,
Сонау Ертіс жағасында,
Болған біреу Саржан атты.
Даңқы шыққан мерген екен,
Талай жерді көрген екен,
Сүйіпті жұрт сол қазақты», –
деп басталатын Әбділда Тәжібаевтың әйгілі Толағайы осы болса керекті. Аңыз тау алыстан жадағайлау көрінгенімен, шапшыма тігіне жеткенде, бірқатары райынан қайтты. Биігіне жеткендері байрақты тік ұстап, «Көк тудың желбірегені» әнін шырқады. Иә, бұл күні ақ тілектер ақтарылды. Аудан басшылары сапарымызға ақ жол тілеп, жүрекжарды лебіздерін білдірумен болды.
–«Атамекен» экспедициясы сапарын біздің ауданнан бастайды дегенде қуандық. Танылмай жатқан жерлерімізді танытып, туризмнің дамуына серпін беріп жатсаңыздар, ауданның дамуына қосқан үлестеріңіз болар еді. Еліміздің киелі, қасиетті жерлерін көрсету мақсатында жолға шыққан сіздерге алғысымыз шексіз, – деді Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейтқанов.
Біздің ендігі бағытымыз Қалба жотасының арғы бетін жайлаған Ұлан ауданы еді...
Ұланның ұлы даласы
Тарихи тамыры тереңнен басталатын Ұлан ауданының алтын босағасындай болып кеткен Ақбауырға келіп тоқтағанымызда Шығыстың белгілі ақыны, әнші Нұртай Тілеужанұлы домбырасын қағып-қағып жіберіп;
Ал бүгін кезі кеп тұр
шаттанудың,
Тарихи құндылықпен
мақтанудың.
Көненің көзі қалған
жер қойнында,
Белгісі сақталыпты
сақ дәуірдің, –
деп арнау айтып, қарсы алды. Ақ кимешекті аналарымыз шашу шашты. Аудан әкімінің орынбасары Қуат Оқасов пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов Ақбауырдағы таңбалы тастарға қарай жол бастады. 63 гектар жерді алып жатқан Ақбауыр музей-қорығында таңбалы тастар ғана емес, кейінгі жылдары сақтардың қоныстарына дейін табылған.
– Ақбауырдағы қазба жұмыстар ата-бабаларымыздың мәдениеті жоғары болғандығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Мекен еткен қоныстарының орнынан қыш құмыралардың сынықтары көптеп табылды. Кәдімгі ошақтың орнына дейін сақталған. Ол жерден ұсақ дәндер де шықты. Оны зерттеуге жібердік. Қазба жұмыстарының тағы бір ерекшелігі, сүйектен жасалған пышақ, біз секілді бұйымдарға тап болдық, – дейді ғылыми қызметкер Шұғыла Меделбек.
Демек, Берел жазығынан сақтардың жерлеу дәстүрін көрсек, Ақбауырдан қоныстарын, соған қарай тіршіліктерін де көруге болады. Мал баққан, егін еккен, қыш құмыра жасаумен айналысқан. Тіпті тастан металл өндірді деген де болжам бар. Біздің байқағанымыз – үйдің бұрышындағы үш ошақтың орны. Яғни қыштан құмыра жасаған пештері болуы ықтимал. Себебі қыш құмыра шеттен әкелінбеген. Зерттеу жұмыстары дәлелдегендей, қыштың құрамына жергілікті жердің табиғатына тән охра қосылған. Арасына кварц тасты үгітіп, балшықпен біріктірген. Кейіннен осы пештерде күйдірген көрінеді. Барлық табылған жәдігерлер сақтардың отырықшылықпен айналысқанын айшықтайды. Зейнолла Самашев жетекшілік ететін Ақбауырдағы қазба жұмыстары аяқталғанша, тарихи тың деректердің беті ашылары анық. Сонымен қатар Қарабастың етегіндегі Қызылтас қорымында археологтер 100 метрлік мұртты қорғандарды зерттей бастайды. Алдағы уақыттарда бұл маңайдың бәрі туристердің танымын арттыратын тарихи кешен болады.
Ұланның табиғаты да көркем. Қаланың қым-қуыт тіршілігі шаршатса, демалыс күндері тау-тасын, өзен-көлін, тарихи-танымдық орындарын аралап келуге болады. Демалыс күндері деп отырғаным, Ұлан жері облыс орталығымен қанаттасып жатыр. Ішкі туризмді дөңгелетуге өте қолайлы аудан. Туризм демекші, өңірге белгілі кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров, Айгерім Абеджановалар Ұланның көрікті жерлеріне «Алтай дәмі» атты бір күндік саяхат ұйымдастыруды қолға алған. Турис-тер көрікті табиғатқа тамсанып қана қоймайды, танымын кеңейтіп, бүркіт баптау, тазы жүгірту, сырмақ сыру секілді қазақтың салт-дәстүрлерінен де хабардар болады. Ол үшін Бозанбай ауылында ата дәстүрдің қаймағын бұзбай отырған Маркс Наитбан ауласына киіз үй тігіп қойған. Өзі бүркіт баптап, тазы жүгіртудің қыр-сырын айтып берсе, жолдасы Шәкерман Ошан ұлттық тағамдарды алдыңызға тосады. Керек десеңіз, жүн түтіп, киіз басуға дейін көрсетеді.
«Атамекен» экспедициясы отбасылы Маркс пен Шәкерманның киіз үйіне де бас сұқты. Ортадағы жер ошақта құрт қайнап тұр. Далада қар қапалақтап тұрғанымен, үй іші жып-жылы. Төрдегі түлкінің терісімен қатар ілініп тұрған кірпінің терісіне көзіміз түсті. Сөйтсек, кірпінің иісіне жылан жуымайды екен. Бұрынырақта баланың бесігіне де байлапты. «Білеріміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз» деген осы шығар. Еліміздің қасиет тұнған киелі жерлерін мақсат еткен экспедиция мүшелері қанатын қомдап отырған бүркітті қызықтап, суретке түсті. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдардан дәм татты. Жетпіс жыл ішінде ата дәстүрден алыстап кеткенімізбен, тағанымыз бекіп, көк байрағымыз желбіреген соң сағымданған салтымызды қайта жаңғырттық, жаңарттық.
Айта кетерлігі «Атамекен» экспедициясы Шығыста мұнымен тоқтаған жоқ. Өзге де аудандардың ұсыныс-тілектеріне байланысты алдағы уақыттарда жалғасын таппақ.

Мерей Қайнарұлы, Егемен ҚАЗАҚСТАН

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2021 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз