Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қай кезеңде де қоғамға қайырымдылық жасап, мейірімділік таныту – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиет. Осы орайда Көкпекті ауданында «Жақсылық» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылған. Аз уақыттың ішінде үлкен жобаларды сәтті жүзеге асырған қоғамдық қайырымдылық қоры бүгінде аудан халқының алғысына бөленуде.
Жыл басында ресми тіркелген қордың бас-ты мақсаты – аудандағы қоғамдық және қайырымдылық шаралар ауқымын кеңейту, жомарт жүрек жандардың басын біріктіріп, ізгі мақсаттағы жұмыстарды жүйеге келтіру, мұқтаж жандарға көмек қолын созу, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қамқорлық таныту. Сондай-ақ «Жақсылық» қоры қоғамдық маңызға ие жобаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Көкпекті ауданынан шыққан дарынды жас-тарды, өнер мен спортта қолдау күткен табиғи таланттарды да қамқорлығына алуда.


«Жақсылық» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісі Танысбаев Аслан Балабекұлының есімі көзі қарақты аудан жұртшылығына жақсы таныс. Ертеректе есімі аудан халқына бокс жаттықтырушысы ретінде белгілі болған Аслан Балабекұлы бүгінгі күні көпшілік құрметтейтін қоғам белсендісі, туған жердің шынайы патриоты, мешіт жанашыры, абыройлы азамат. Көкпекті ауданындағы туған жерін шексіз сүйетін беделді де белсенді азаматтардың басын қосқан «Жақсылық» қорының құрылуына да мұрындық болған Аслан Балабекұлы. Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметімен бірге қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқарып жүрген азаматқа жолығып, «Жақсылық» қорының жарқын істерімен жақын таныстық.
- «Жақсылық» қоғамдық қайырымдылық қорын құруда маған қазақ халқының даңқты балуаны, тұңғыш Олимпиада чемпионы, ұлт қайраткері Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігі қатты әсер етті. Біздің ауданда туған жерінің нағыз патриоттары өте көп. Шаруа қожалық басшылары, жеке кәсіпкерлер, қарапайым аудан тұрғындары кез-келген жағдайда жақынына жанашыр болып, жерлестеріне көмек қолын созуға дайын тұрады. Олар жасап жатқан жақсылығын, көрсеткен көмегін ешбір жерге жариялап, оны міндетсініп көрген емес. Десек те, осы атқарылып жатқан жұмыстарды бір жүйеге келтіру қажеттілігі туындады. Аудандағы қоғамдық және қайырымдылық жұмыстарға атсалысып жүрген азаматтардың басын бір арнаға біріктіру көптен бергі ойда жүрген жоспар еді. Жыл басында үлкен ағаларымызбен ақылдаса келе, ел мен жерге шынайы жанашыр, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген сайдың тасындай жігіттерді біріктіретін қор құруды ұйғардық, - дейді қор жетекшісі.
Қоғамдық қайырымдылық қоры жүзеге асырған жарқын жобалардың жемісін аудан халқы көзімен көріп жүр. Оның жарқын бір көрінісі – алыстан мұнарасы менмұндалап тұрған көзтартарлық Тана Тілемісұлы атындағы орталық мешіт. Жаз айларында күрделі жөндеуден өткен Тана мырза мешіті бүгінде аудан орталығының сән мен салтанатын арттырып тұр. Аудан қонақтары мен өскелең ұрпаққа мақтанышпен көрсететін көрікті имандылық ордасын күрделі жөндеуге аз қаражат жұмсалмаған. Төгілген тер мен атқарылған жұмыс ауқымы еріксіз тамсандырады.
- Орталық мешіттің жағдайы баршамыз үшін сын болып тұрды. Алайда аузын ашса жүрегі көрінетін жомарт жүректі жерлестердің арқасында бүгінгідей күрделі жөндеуден өткен сәулетті мешітті көріп отырмыз. Бұл жұмыстарға барлығы 17 миллион теңгеден астам қаражат құйылды. Жөндеу жұмыстарын Ресейден келген тәжірибелі де білікті мамандар атқарды. Мешіт төбесін жабуға қолданылған материал өте сапалы әрі ұзақ мерзімді шыдамдылығымен ерекшеленеді, - дейді Аслан Балабекұлы.
Сондай-ақ, қордың ұйымдастыруымен Көкпекті ауылында көпбалалы және аз қамтылған 7 жанұяға азық-түлік берілген. Қор жетекшісінің айтуы бойынша тұрғын үйі апаттық жағдайдағы 8 балалы отбасына құрылысқа қажетті кірпіш материалдары алынған. Шығыс Қазақстан облысында игілікті дәстүрге айналған «Алтын тай» ұлттық спорт ойындарын Көкпекті ауданы атынан өткізуге де қор мүшелері белсене атсалысқан екен. «Жақсылық» қоғамдық қайырымдылық қорының жарқын істері мұнымен шектелмейді. Қазанда жыл сайын өткізілетін қайырымдылық айына орай жоспарлары да ауқымды.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2021 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз