Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қазақ руханиятының шыңы ұлы ақын - Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы әлемдік руханият кеңестігінде» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциясы аясында өткен облыстың «Абай оқулары-2015» байқауына Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектептің 9 «А» сынып оқушысы Қасенов Ілияс қатысып, жүлделі 3 орын иеленіп оралды. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Ә.Қуандықов талапты оқушы Ілиясқа оқуға түсуге жеңілдік сертификатын табыстады.

Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте дарынды оқушыларды облыстық, республикалық сайыстарға дайындау үрдісі жақсы жолға қойылған. Осы орайда оқу ісінің меңгерушісі Габдулина Бақытжамал Жексенбайқызының басшылығымен жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. Б.Жексенбайқызы шығармашылықпен жұмыс істейтін жас мұғалімдерге үнемі әдістемелік көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырады. 

Осындай тынымсыз еңбектің арқасында биылғы оқу жылындағы оқушылардың жетістіктері мектебіміздің абыройын асқақтатуда. Соның бір дәлелі шәкіртіміз Ілияс Қасеновтың қол жеткізген жеңісі. Ілияс 6-шы сыныптан бастап Абай Құнанбаевтің өлеңдерін жаттаған, көңіліне тоқыған. Қазіргі уақытта талапты оқушы Абай атамыздың 120 өлеңін, 1 поэмасын жатқа біледі .
Сайыста Венгриядан, Қытайдан келген қонақтар төрелік етті. Дарынды оқушы Ілиясты «Қазақстан Өскемен»телеарнасынан көрсетті. «Дидар» газетінің тілшілері сұхбат алды.

Толығырақ...

Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Мұғалімдер күні де күздің үлесіне тиіпті. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады. 

ҰСТАЗЫМА БАС ИЕМІН

Әр адамның өміріне жол салуына ұстаздар қауымының зор үлесі бар. Мектептен бастап өмірден бір кірпіш болып қаланғанға дейін, адамды мамандыққа, адамдыққа бейімдеп отыратын бір адамы болады. Ол – ұстаз. Ұстазың кім десе кез-келген адам, ойланбай-ақ, өз ұстаздарын атай алады. Жақсылығын айтады, есімін елге үлгі етуге тырысады. Ұстаздар мерекесі қарсаңында мен де, қолыма қалам алып, өзімді өмірге бейімдеген ұстаздарым жайлы сыр шертуді жөн көрдім. Ұстаз алдына дейін әрине өсіріп, жеткізіп, тәрбиелеп, гүлдеп, түрлеп өзінің ата-аналық мейірімін балаға төгетін әке мен анамыз. Әкем Қайыпжан Аусарбаев 45 жыл ұстаз болып, 20 жылын мектеп басшысы қызметін атқарып, ұстаздардың ұстазына айналып, зейнетке шықты. Анамыз Әлима, сан қызмет атқарса да, үйде аналық мейірімімен ақ сүтін беріп, адалдыққа тәрбиеледі. Өсіп-өркендесек те, әрқашан ең бірінші ақылшымыз, қорғанышымыз болып қала бермек. Алғашқы мектептің қадамын Тарбағатай ауданының Жамбыл атындағы орта мектебінен білім, тәрбие алып, сауат ашып, көңіліме рухани мол мұра жинадым. Алғашқы ұстазымның да есімі көңілімде жатталып, ұмытылмас бір адамыма айналды. Ол ұстазым Кеңес апай еді. Алғашқы ұстазыма мың тағзым етіп, шексіз алғысымды айтамын. Орта мектепті бітірген соң, әкем Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясына оқуға беріп, ғұлама ұстаз Қанипа Бітібаеваның авторлық сыныбына кіргізді. Осыдан бастап, менің өмірге, мектеп бітіріп, мамандық алуыма ұстазым Қанипа апайдың үлкен үлесі зор десем артық айта алмаспын. Мектепті бітіріп, мектептен кейін педогогикалық колледжде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мамандығына бейімдейтін арнайы бөлім ашқызып, өзі оқытқан 25 оқушыны қазақ тілі маманы етіп бірақ шығарды. Міне, ұстаздың балаға деген қомқорлығы мен ерлігін осыдан көруге болады. Мұндай ұстазымды қалай ұмытпақпын? Сол, Қанипа апайдың тәлім-тәрбиесі, қазіргі өміріме жол, жанұяма азық болды. Ұлы ұстазым өмірден озса да, рухы біздің, шәкірттерінің жанында.
Ұстаздар күні Қанипа апайым жайлы қаншама сыр ақтарып, жыр жазсам да, баға жетпес. Еліміздің болашағын, осындай ұстаздар да өз шәкірттерімен көркейтіп, көріктендіретіні сөзсіз.
Отырмын ұстаз жайлы қалам алып,
Жатқанда мерекеде дараланып,
Мереке, ұстаздарым, құтты болсын,
Жатқанда шәкірттермен бағаланып.
Сан жылдар өтсе-дағы ұмытпаймыз,
Көргенде құшақ жайып ұлықтаймыз.
Ел сыйлаған ерекше ұстазсыздар,
Жақсылыққа ұмтылып,
Жамандыққа құнықпайтын!

ӘРІПТЕСТЕРІНЕ ЖЫРДАН ШАШУ ШАШТЫ

«Менің Әуезовім» деп өзінің ұстазын пір тұтқан академик Зейнолла Қабдолов: «Ұстаздық – ұлы нәрсе» депті. Осындай ұлы іспен айналысып, балаға қара танытып, қатарға қосатын қарапайым ұстаздардың бірі Тоты Құдайбергенқызы Мазыбаева.
Тоты Құдайбергенқызын шәкірттері де, әріптестері де құрмет тұтады. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Тоты сынды өз ісіне деген жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз ұстаз туралы, бір ауыз жылы сөз айтудың реті келгендей. 17 жыл бойы ұстаздық еткен Тоты Құдайбергенқызының бала кездегі арманы ұстаздық мамандық. Осы ұлы жолға итермелеген аяулы ұстаздары Сайраш Чалова, Бикеш Жакитова, Гүлзада Асылғазиналарды жылы сезіммен еске алады. Ұстаздық жолын Көкпекті орта мектебінде бастаған Тоты Құдайбергенқызы 1998 жылы Семей мемлекеттік университетінің қазақ тілі және әдебиет пәні мамандығын бітірді. Қазіргі таңда, Көкпекті орта мектебінде еңбек етіп, еңбегінің жемісін көруде. Ең алғашқы сыныбын 2010 жылы қанат қақтырып ұшырған ұстаз, оларды сағыныш, мақтаныш сезімдерімен еске алды. Атап айтсақ, Әйгерім Смаилова, Талғат Тұрсынов сынды шәкірттерінің биік белестерге шыққанына қуанышты. Тоты Құдайбергенқызының қазіргі шәкірттері де, алдыңғы буын аға-әпкелерінен үлгі алып, мектеп мақтанышының бірегейлері. Олар Ақерке Айтқазина, Айғаным Төлегенова, Дарын Кеңесханов түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Тоты Құдайбергенқызы 1 санаттағы, тәжірибелі маман ретінде жас мұғалімдерге қай жағынан да үлгі болуға тұрарлық ұстаз. Сонымен қатар, біздің кейіпкеріміз отбасында Бақытжан, Бекжан, Елдос есімді ұлдардың аяулы анасы, Серік атты қосағының адал жары. Ұлдарына жақсы тәрбие берген ұстаз-ана, балаларының амандығын тілеуде. Үлкен ұлы Бақытжан Астана қаласындағы спорт мектебінде оқиды. Жастайынан «грек-рим» күресіне бейім Бақытжанды анасы 6 сыныптан бастап сол мектепке білім алуға жіберген. Ал, Бекжан болса ағасының жолын қуып спортпен айналысып, ата-анасының көз қуанышына айналуда. Ұстаздың бойында ақындық дарыны бар екені байқалады. Бос уақытында қолына қалам алып, өлең шығаратын ұстаз-ақын әріптестеріне мына өлең шумақтарын, мерекелік шашу ретінде арнады.
Ұстаздар тапжылмайтын еңбеккерлер,
Жемісті жерге екпеген, елге еккендер.
Болашақ ұрпақтарын тәрбиелеп,
Зердесін болашақтың зерлеткендер, - деп жүрекжарды мерекелік лебізін білдірді.
Талапшыл, әділетті, еңбекқор ұстаздан: «Кейінгі буын ұстаздардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?» деп сұрадым: «Жас мұғалімдер алдымен өздеріне талапты қаттырақ қойса, ізденсе, сабағына өзі де қызықса, балаларды да тарта білсе деген тілегім бар», - деді ұстаз.

ЖАҚСЫ ҰСТАЗ – ШАМШЫРАҚ

Өмірінің 25 жылын мұғалімдікке арнаған Тілеухан Ақанұлын жұрт білікті ұстаз ретінде де жақсы біледі. «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демей ме халық даналығы. Дәл осы қанатты сөздер еңбегінің арқасында өрге шығып, абыройлы боп жүрген ардақты ұстаз Тілеухан Ақанұлы Мұстафиновқа арналғандай. Тілеухан аға орта мектепті бітірген соң, 1988-1992 жылдары Семей педогогикалық инистутын аяқтап, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Негізінде Тілеухан Ақанұлының кіндік кесіп, туған жері Үлгілімалшы ауылы болса, алғашқы еңбек жолын осындағы Абай атындағы орта мектептен бастаған. Міне, ұстаздық қызметін осылай бастаған ол 2001 жылдан бері Көкпекті ауылы Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқаруда.
– Ұстаз болу табандылық пен төзімділікті талап етеді. Тіпті оқушыларымды көрмесем сағынып қалатын деңгейге жеттім. Бір сөзбен айтқанда, балалармен жұмыс істеуге тіптен үйреніп кеттім. Өзім тікелей тәлім берген көзге түсер шәкірттерімнің бірнешеуін айтар болсам, олар: Ержан Естаев, Олжас Айжақсин, Ерік Болғабаев, олар қазір менің жолымды қуып дене шынықтыру саласында еңбек етуде – дейді ұстаз. Қолға алған ісін диірменнің тасындай дөңгелетіп әкететін Тілеухан Ақанұлының өмірлік жолдасы Шолпан апай да ұстаз, осы қос ұстаздың шаңырақ көтергендеріне биыл 26 жыл. Бүгінде, Тілеухан аға мен Шолпан апайдың шаңырағы 2 ұл 1 қызды тәрбиелеп, өсірді. Қазір қыздары Айдана ата-анасының жолын қуып ұстаздық қызмет етуде.
«Жақсы ұстаз – шамшырақ», дейді, міне, сондықтан да Тілеубек Ақанұлы әрдайым өз әріптестері мен шәкірттерінің алдында қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

ЖАҢАЛЫҚҚА ЖАНЫ ЖАҚЫН ЖАС МАМАН

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, олардың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар нұсқауда ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым ерекше тұлға ретінде дараланады. Сондай жандардың бірі – Ж. Шайжүнісов атындағы орта мектептің жас, жаңашыл ұстазы Мөлдір Садуова Қадырқожақызы.
Мөлдір Нұра ауылында 1990 жылы, көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қадырқожа мен анасы Айгүлдің кенже қызы болса да, еркелікке салынбай сабақты жақсы оқыды. Ата-анасының берген тәрбиесін бойына сіңіріп, 2012 жылы Семей қаласында Шәкәрім педогогикалық иниститутын «өте жақсы» бітіріп, «Дипломмен - ауылға» жобасы негізінде, ауылдық мектепте химия пәнінен ұстаздық қызмет атқаруда. Еңбек өтілі небәрі 3 жыл болса да, жас маманның жетістері мен мадақтау қағаздары көздің жауын алады. Атап айтсақ, «Үздік слайд - 2014 жыл» атты Республикалық байқауға өзі және оқушылары қатысса, аудандың пән олимпиадаларынан Алина Кабирова, Әсем Кожаева сынды шәкіртері ІІ орын алды. Ал, 2013 жылы аудандық «Мамандығым - мақтанышым» атты аудандық дебатқа қатысқан. Жинақтары әдістемелік басылымдарға жарияланып тұрады. Сонымен қатар, биылғы ҰБТ нәтижесіне Мөлдірдің де қосқан еңбегі де аса зор. Себебі, шәкірті Алина Кабирова ҰБТ нәтежиесінде химия пәнінен 23 ұпай жинап, қазір Семей қаласындағы Шәкәрім университетіне грантқа оқуға түсті.
Жаңашыл жас ұстаздың алда алар асулары, мақсаттары әлі де көп, осы бағыттан таймаса, биіктен көрінетініне сенімдіміз.Осы сәтті пайдаланып, жас ұстаз мерекелік тілегін жолдады: «Бүгінгі таңда еліміз 30 дамыған елдің қатарына ену мақсатын қойды. Ал оған жету үшін – тек білім мен ғылымға негізделуіміз керек. Бұл - заман талабы және бүгінгі ұстаз – рухани бай, педагогикалық, шығармашылық тұрғыда дамыған, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген болу керек. Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, отбасыларыңызға береке-бірлік, бақ-дәулет, дендеріңізге саулық тілеймін», деді жас ұстаз.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай бабамыз тегін айтпаған ғой. Мөлдір бұл мамандықты өзінің жүрек қалауымен таңдаған болса, ол оның ыстық-суығына төзіп, зейнет жасына жеткенше шынайы сүйіспеншілікпен шәкірт тәрбиелеуден бір жалықпайтыныа сенімдіміз.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

 

Жаз өтіп, күз келді. Күздің алғашқы күні біздің еліміздің түкпір-түкпіріндегі сандаған мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, оқушылардың жаңа оқу жылының басталуымен сәйкес келеді. Бұл жылдар бойы қалыптасқан дәстүр бұзылмай, біздің ата-аналарымыз, өзіміз де осы күнді асыға, ерекше толқыныспен күтетініміз жасырын емес.
Самар ауылындағы Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің табалдырығын алғаш рет аттаған 40-тан астам баланың көзіндегі қуаныш пен айналаға қараған таңданысы салтанаттты жиын өткенше тарқамады. Оларға бәрі қызық, бәрі таңсық. Бүгінгі күні оларға Елбасының атынан берілген «Менің Отаным» атты сыйлық кітап өмір бойғы естелік болады. Олар алғашқы сабақтарын да «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында өткізеді. Даярлық тобына келген қырық бала оларға қызыға да, қызғана да қарап тұрды. «Келесі жылы біз де сендердей боламыз», - деген ой олардың саналарында тұрғаны анық. Ал 11 сыныпқа келген 16 оқушы алдағы ҰБТ сынағынан сүрінбей өту үшін қазірден бастап дайындыққа кіріседі. Биыл олардың арасында екі оқушы «Алтын белгіге» үміткер.

Толығырақ...

Қазірде елімізде Елбасының тапсырмаларына орай, ауылдың ахуалын жақсарта түсуге, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға баса назар аударылып отыр. Ол үшін шағын ауылдағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайдан туындайтын мәселелерін түпкілікті шешу керек. Осы орайда Көкжайық ауылдық округіндегі Ақой, Қарамойыл ауылдарының бай да бақуатты тұрмыс-тіршілігі жөнінде айтпасқа болмас.
Ауылдарды көркейтудегі игі бастамалар мен жарқын істерге мұрындық болып отырған «Талап» шаруа қожалығы. Екі ауылдың тұрғындарының көбі осы қожалықтың егіс танаптарында, шабындықтары мен жайылымдықтарында жұмыс істейтін еңбекшілер. Қарамойыл ауылы 200 жылдан астам тарихы бар шежірелі мекен. Ауыл кішкентай болса да ауылдан шықан азаматтары ел үшін үлкен қызмет, зор іс атқарып жүр. Соның бірі 2015 жылдың мамыр айында оқу жылы аяқталысымен ауылдық шағынкомплектілі мектебін жабу мәселесі туындауымен басталды. Ауыл тұрғындары, егер тұрғылықты жерлерінде мектеп болмаса басқа жаққа көшуге әрекеттене бастады.
Міне, осы сәттерде «ауылымнан ел кетпесін»- деп, елдің қамын ойлаған «Талап» шаруа қожалығының басшысы Жұмабек Құрмашұлы Күшікбаев болды. Ол ауылдан мектепке лайық ғимаратты сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге мердігер жалдады. Бас-аяғы 25 күннің ішінде отыз орындық шағын комплектілі мектеп үйі даяр болды. Мектепте 4 сынып бөлмесі, басшы кабинеті, мұғалімдердің әдістемелік залы, тазалық құжырасы бар. Аулада спорт және ойын алаңдары жасақталған. Ауланың қоршауы, аумағында егілген гүлдері аса бір ыждаһаттылықпен ұқыпты жасалған.
Шағын комплектілі мектептің директоры, бас-тауыш мектептерде білім берудің үздігі Айгүл Сейдахметқызы Сыздықова: «Ауыл ортасында аппақ шаңқаңдай асқақтаған ақ мектеп – «Карамойыл ауылының Ақмектебі» дегенге әбден лайық. Қазір мектепте 1-ші сыныптан 4-ші сыныпқа дейін 8 сынып жасақталды, мектепке дейінгі даярлық сыныбына 1 сынып ашылды. Мұғалімдерге толық тарификация жасалып, сағаттары бөлінді. Мектепте білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Биыл 1-ші сыныптан бастап ағылшын тілінде де оқытамыз» - дейді, мерекелік көңіл-күймен қатар жаңа мектептің құрылысына деген ризашылығын жасыра алмай.
Кішкентай ауылдың үлкен қуанышын бөлісуге алыс-жақыннан көптеген адамдар келді. Тіпті, сонау Алманиядан келген, ауылдың бұрынғы тұрғыны, Леонид Браун да осында жүр. «Туған ауылымның тойына келгенімді жақсылыққа жорып, қазақтар айтпақшы «құтты қонақ» болып жүрмін»- деп қояды. Салтанатты жиында құрылысшыларға да қошемет пен алғыс айтылды. «Талап» шаруа қожалығының басшысы Жұмабек Құрмашұлы: «Бүгінгі мейрам оқушылар мен мұғалімдер үшін. Дүниеде бала қуанышынан асқан не бар. Мен үшін алақайлап қуанып, асыр салған баланы көру - барлық марапатқа тұрарлық» - дейді. Мектептің ашылуы салтанатында Қапез Баймолдин, Ермек Ақшолақовтай абыз ақсақалдар батасын беріп, әжелер шашуын шашты. Ауылдағы әр ұлттың әні бір әуенмен асқақтап, билері бір ырғақпен толқыды. Достық пен берекенің мейрамы әр үйде, әр отбасында жалғасып жатты.
Қайрат Мәлікаждар, Қарамойыл ауылы

 

 

 

22 тамыз күні аудандық білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы болып өтті. Бұл жолғы отырыс «Білім беру мазмұнын жаңарту - болашаққа бағдарлану» тақырыбын арқау еткен дәстүрлі жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Н.Түсіпова, облыстық техникалық және кәсіптік білім беру орталығы директорының м.а. Л.Кездікбаева, аудандық мәслихат хатшысы Р.Беспаев, аудан әкімінің орынбасары К.Смаилова, ауылдық округтердің әкімдері, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен педагогтар қатысты. Жаңа оқу жылы қарсаңында тамыз конференциясында бас қосатын аудан педагогтары атқарылған істерге баға беріп, болашаққа бағдар жасайды. Бұл жолы да атқарылған істерді таразылап, болашақтың міндеттері айқындалды.
Жаз бойы демалып, тың бастамалар мен жаңа идеялармен қаруланған, мерекеге сай киініп, құшақтары гүл шоқтарына толған мəртебелі ұстаздар үшін аталмыш шараның мəні де мағынасы да аса зор. Конференцияның ашылу салтанатынан кейін сөз алған аудандық білім беру басқармасының бастығы Шолпан Мұстафинова биылғы бас қосудың ерекше екеніне тоқталып, барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады. Ш.Мұстафинова конференцияға арқау болған «Жаңа білім бағдарламалары, инновация және құзыреттілік тәсілдер – табысты мектеп кепілі» тақырыбында баяндама оқыды. Бөлім бастығының дерегіне сүйенсек, өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушы саны азайып, алдағы 2015-2016 оқу жылында аудан бойынша барлық мектептерде 4203 оқушы мектеп партасына отырады. Аудан бойынша 2009-2015 жылдар арасында 6 мектеп салынып, 12 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Ал, енді оқу жылының қандай нәтижемен аяқтағанына тоқталсақ, аудан бо-йынша оқу үздігі – 819 оқушы, екпінділер саны – 1440 оқушы. 2015 жылы Ұлттық Бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша, 4 мектеп, атап айтсақ, Көкпекті орта мектебі, Ж.Болғанбаев, М.Әуезов, Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектептер алдыңғы қатарда өз білім деңгейлерін көрсетті. Біздің ауданымыздың ҰБТ қорытындысының нәтижесі 83,8 балл, былтырғы жылға қарағанда 5,2 балл жоғары көрсеткішті көрсетті.
Сонымен қатар, Ш.Мұстафинова ағымдағы жылдың аса табыс-ты болғанын атап өтті. «Республикалық білім бəсекелерінде біздің оқушылар тек биіктен көрініп, намысты қолдан бермеді. Аудан көлемінде 117 оқушы республикалық олимпиадаларға, ал облыстық олимпиадаларға 6 оқушы қатысып, 2 оқушы жеңіске жетіп жүлделі орындарға ие болды. Басқа да маңызды жоспарлар жүйелі орындалып келеді. Жаңа оқу жылына мектептер толықтай дайын», - деді. Сондай-ақ, бөлім басшысы білім саласындағы келеңсіздіктерге де көңіл аударды. Атап айтқанда, 11 жыл бойы үздік оқып келген оқушылардың ҰБТ сынағында өз бағаларын ақтай алмағанын қадап ескертіп, осыған орай мектеп басшыларына білім сапасын арттыруға қатысты тапсырмалар берді. Сонымен қоса, биыл жаңа форматта өткен мектеп бітірушілер балын өткізу ісінде немқұрайлылық танытқан білім ордаларын сынға алды. Білім беру мекемелерінде деңгейлік курстардан өткен педагогтар өз іс-тәжірибесінде жаңа технологияларды қолданбайтынын, жекелеген пәндер бойынша мамандардың жетіспеушілігіін тілге тиек етті. Басқа да тәрбие үрдісі барысындағы олқылықтар нәтижесінде білім ордаларында орын алып отырған жасөспірімдердің ерте жүктілігі, балалардың өзіне қол салушылығы, түрлі құқықбұзушылықтар сияқты мәселелер алға тартылды.
Жарыссөзде Абай атындағы мектеп балабақша кешенінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Смағұлова, «Өрнек» балабақшасының меңгерушісі Г.Тұрлыбекова, Ж.Шай-жүнісов атындағы орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Б.Габдулина өз баяндамаларында мектеп бағдарламасындағы өзекті мә-селелерді талқылады.
Аудан әкімінің орынбасары К.Смаилова мұғалімдерге ізгі тілегін арнап, білім беру саласына өз үлестерін қосып жүрген ауыл әкімдеріне марапаттар, алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, алқалы жиында өткен оқу жылы қорытындысы бойынша Көкпекті ауданы мектептері арасында үздік деп танылған білім ордалары мен олардың ұстаздары анықталды.
«ҰБТ нәтижесін жоғарылатушы үздік мектеп» атағына I орын Ж.Болғанбаев атындағы орта мектебі, мектеп директоры Ж.Бакраева «Білім сапасының үздігі» атағына I орын І.Жансүгіров атындағы орта мектеп директоры Ж.Ерботин, Ал, «Ең үздік дарынды тұлға тәрбиелеуші мектеп» номинациясы бойынша I орын Преображенка орта мектеп директоры Е.Ниязбаев, «Ең үздік спортқа баулушы», атағына Көкпекті орта мектебі марапатталса, «Кәсіптік бағдар шебері» атағы дипломымен №1 Самар орта мектебі марапатталды.
Мұғалімдер қауымына арналған мерекелік концертпен жалғасқан кеңес жаңа оқу жылына зор серпіліс берді.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

 

 

 

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз