Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

25 сәуір күні кезекті аудандық әкімдік отырысы өткізілді. Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейтқанов төрағалық еткен отырыстың күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Әкімдік отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшысы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме және ұйым басшылары қатысты.
Күн тәртібінде бекітіліген негізгі мәселелер бойынша баяндамалар тыңдалып, қосымша ақпараттар ұсынылды. Бірінші сұрақ ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту барысы туралы баяндамашы толық дайын болмауы себебінен кейінге қалдырылды.
Облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын дамыту және жөндеу туралы тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің маманы Дәурен Жәнібек баяндама жасады.
- Аудандық маңызы бар жолдарды жазғы уақытта күтіп ұстау мақсатында құм-қиыршықтас қоспасын төгу, пішіндеу және грейдерлеу, ағаштарды тамырымен жұлу жұмыстары жоспарланды. Аталған жұмыстарға аудан бюджетінен 35850,0 мың теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ республикалық маңыздағы Омбы-Майқапшағай жолында қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда, - деді баяндамашы.


Бұл сұрақты қорытындылаған Раджан Қайрқанұлы халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселеге тоқталды.
- Қазіргі уақытта Омбы-Майқапшағай жолының біздің ауданға қарасты аумағында жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Алайда, осы салаға жауапты орынбасарыма мердігер ұйыммен келісім жүргізуді тапсырамын. Осы аптада Көкпекті ауданына қарасты аумақтағы жолға мердігер ұйым грейдерлеу жұмысын бастасын. Жолды грейдермен қырып, автокөлік қозғалысына жарамды етіп қою керек, - деп нақты тапсырма берді.
Ауданның елді мекендерін көркейту, көгалдандыру және санитарлық жағдайын жақсарту бойынша 3 айлық сенбілік жарияланған. – Аудан аумағында басталған 3 айлық сенбілікте барлығымыз аянбай еңбек етуіміз керек. Жеңіс күні қарсаңында барлық ескерткіштер мен обелисктерді тазалау ауылдық округ әкімдеріне міндеттеледі. Сондай-ақ әрбір елді мекендегі қатты қалдықтар полигонын қатаң бақылауда ұстаңыздар, - деді Раджан Қайрқанұлы.
Жұмыспен қамту орталығының директоры Данияр Айдаров нәтижелі жұмыспен қамту және «Еңбек» бағдарламасын іске асыру туралы ақпарат берді.
Раджан Қайрқанұлы әкімдік отырысына қатысып отырған бірқатар ауылдық округ әкімдерінен аталмыш мемлекеттік бағдарламаның қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. "Әлеуметтік жұмыс орындары" бағдарламасы бойынша ақпарат сұралды. Өкінішке орай, кейбір ауылдық округ әкімдері мемлекеттік бағдарламаның шарттарын да білмейтін болып шықты. Ауыл әкімі мемлекеттік бағдарламаны білмесе оны қалай жүзеге асырады?
Бұл сұрақ бойынша Раджан Қайрқанұлы әлі де жұмысты жандандыру керектігіне баса назар аудартты. –
«Бизнес Бастау» жобасымен курс оқып, сертификат алған азаматтар бойынша нақты анализ жасалсын. Жобамен грант алған азаматтардың кәсібі қалай жүріп жатыр? Бұл сұрақтар жауапсыз қалмауы керек. Әрбір ауылда кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар бар. Ауыл әкімінің міндеті сол азаматтарға мемлекеттік бағдарламаның игіліктерін жеткізу, - деп кесіп айтты аудан басшысы.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында ауданда атқаралып жатқан шаралар туралы кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қанат Мұқышевтың ақпараты тыңдалды. Берілген ақпаратқа сүйенер болсақ, аудан көлемінде азық-түлік бағасы әр жерде әрқалай екен. Аудан көлеміндегі орташа бағадан асырып отырған кәсіпкерлер көп.
- Бүгінгі күнге қажетті азық-түлік жетіспеушілігі мен бағаның күрт өсіп кетпеуі бойынша жұмыс жалғасуда. Азық-түлік тауарларының 19 түріне орташа баға анықталды. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, аудан көлемінде орташа бағамен ұн 210 теңге, нан 148 теңге және қант 623 теңге. Округтер арасында ұнға ең жоғарғы баға Маринагорка ауылында 230 теңге, Тассай ауылында 275 теңге, Үлкенбөкен ауылында 216 теңге, Үлгілімалшы ауылында 213 теңге.
Нан бағасы Самар ауылында 155 теңге, Үлгілімалшы, Шұғылбай, Бас-таушы, Маринагорка, Құлынжон және Сарыбелде 150 теңгеден саудалануда. Қантқа ең жоғарғы баға Шұғылбай ауылында, 680 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, Маринагоркада 646 теңге, Көкжайық, Үлгілімалшы, Преображенка, Бастаушы ауылдарында 650 теңге, Құлынжонда 640 теңгеден. Жалпы барлық азық-түлік бағасының өсіп кетпеуі жұмыс тобының үнемі бақылауында, - дейді Қанат Ермекұлы.
Әкімдік отырысын қорытындылай келе аудан басшысы Раджан Қайрқанұлы әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

Дархан БЕРДІБЕК

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2022 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз